Қазақстандықтардың басым бөлігі дәрі-дәрмекті жарнамаға сеніп сатып алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда әрбір екінші адам дәрі-дәрмекті «көршісінің кеңесіне» не болмаса жарнамаға сеніп сатып алады. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлімдеді.
«Қазіргі кезде біз әлеуметтік тексеру жүргізіп біраз жайтты анықтадық. Атап айтқанда, еліміздегі әрбір төртінші қазақстандықтың антибиотиктерді бақылаусыз қабылдайтыны, ал әрбір екінші адамның дәрі-дәрмекті жарнама немесе көршісінің кеңесі бойынша сатып алатыны белгілі болды», - деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, халықтың дәрі-дәрмекке қатысты сауатын арттыру мақсатында өңірлерде ақпараттық-сараптамалық орталық құрылған. Осы орталыққа былтырдың өзінде 26 мыңнан астам азамат хабарласқан.