Қазақстандықтардың басым бөлігі ескі көлік мінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтар айында Қазақстанда 88 мыңнан астам автокөлік тірікеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандықтардың басым бөлігі ескі көлік мінеді

«2018 жылдың қаңтарында әкімшілік полиция органдары тіркеуге 88 551 автокөлікті қойылды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 12,2 пайызға артық. Оның ішінде 83 013-і екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім 2017 жылмен салыстырғанда 11,1 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 4 538-ді құрады. Ол былтырға қарағанда, 36,6 пайызға жоғары болды», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.

«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, биыл қайта тіркелген көліктердің үштен екісін (68,2 пайызы)  пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.

Оның ішінде 20 жылдан асқандардың үлесі 32 009 (38,1 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 30,1 пайызды құрады.

Ал 4-тен 7 жылға дейін - 17 895 (21,3 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін - 4 909 (5,8 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 2 760-қа жетті. Сонымен қатар пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 1 178 болды.

«Статистика көрсетіп отырғандай, отандық автопарктің ескіруінің тұрақты үрдісі байқалуда. Осы орайда нарықта 20 жылдан асқан көлікті қайта сату көрсеткіші 34,9 пайыздан 38,1 пайызға дейін өскен. Ал пайдалану мерзімі 1-3 жыл аралығындағы автокөліктер 7,7 пайыздан 3,3 пайызға дейін қысқарды», - делінген таратылған мәліметте.