Қазақстандықтардың басым бөлігі қолма-қол ақшасыз есеп айырысады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері карточка арқылы жасалған әр 10 операцияның 9-ы қолма-қол ақшасыз жүргізілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық банктің айтуынша, қазақстандықтар 2021 жылдың 8 айында төлем карточкалары арқылы 56,3 трлн теңгенің 4 млрд операциясын жүргізді. Яғни, былтырғы кезеңмен салыстырғанда карточка арқылы айналымға түскен ақшаның көлемі 2,2 есе, атқарылған операциялардың саны 2 есе көп деген сөз.
«Төлем карточкалары арқылы жасалған 10 операцияның 9-ы қолма-қол ақшасыз орындалды. 2021 жылдың қаңтар-тамыз аралығында төлем карточкаларының иелері 43,2 трлн теңгеге 3,8 млрд қолма-қол ақшасыз операция жүргізді. Бұл 2020 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден тиісінше 2,4, және 2,3 есе асады», - деп жазады Ұлттық банктің сайты.
Банк сараптамасында қолма-қол ақшасыз операциялар көлемінің жалпы құрылымында онлайн-операциялардың үлесі өсе түскені айтылған.
«Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында қолма-қол ақшасыз операциялардың 67%-ы немесе 2,5 млн операция интернет арқылы немесе мобильді қосымшалар арқылы жүргізілді. Халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары көлемінде онлайн-операциялар үлесі 83%-ға дейін өсіп, 35,9 трлн теңге болды», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.