Қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа жылға сыйлық ретінде тұрмыстық техника алғысы келеді - зерттеу
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстандықтардың басым бөлігі туыстары мен жақындары, достарының қолынан жаңа жылдық сыйлық ретінде техникалық бұйымдар мен ас үй жабдықтарын алғысы келеді.
Бұл туралы kaspi bank жүргізген арнайы сауалнама қорытындысында жарияланды.
Банк мамандары еліміздің әр аймағынан 1300 ер адам, 1500 әйел адамның қатысуымен арнайы сауалнама жүргізген. «Жаңа жылға қандай сыйлық алғыңыз келеді?» деген жалғыз сұрақтың жауабы бойынша ерлердің басым бөлігі теледидар, ноутбук, ұялы телефон алуды қаласа, әйелдер таңдаған сыйлықтың үштігіне компьютер немесе ноутбук, фотоаппарат немесе цифрлық фотоқаптама, ас үйдің ұсақ-түйегі кіреді.
Сондай-ақ ерлердің көпшілігі балық аулауға арналған құралдар, автомобильдерге арналған қысқы қапшықтар және навигаторлар, әткеншек кресло, домалақ диван және былғары пиджак алғысы келетіндерін айтқан. Ал әйелдер болса аэрогриль, бутерброд жасайтын жабдық немесе қымбат кастрөлдер, хрустальдан жасалған аспалы шам, джакузи, айна, тон және ауа райы жылы мемлекетке саяхатты қалайтындарын айтқан. Бір қызығы, бикештердің арасында автоәуесқойлар көбейгені байқалады. Сауалнамаға қатысқан әйелдердің бірқатары автокөліктеріне көп функциялы магнитола алуды армандайтындарын айтқан.