Қазақстандықтардың басым бөлігі жұмысқа қабылдану барысында ашық кемсітуге ұшырап отыр - Т. Өмірзақов

«Әлеуметтік жаңғырту жағдайында әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру мәселесі өзекті болып табылады. Конституцияға сәйкес әрбір қазақстандықтың еңбек ету бостандығына құқығы бар. Ал Еңбек Кодексі бойынша ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, дене кемістіктеріне, нәсіліне, ұлтына, тіліне, мүліктік, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына және кез-келген өзге жағдаяттар бойынша ешқандай кемсітуге болмайды. Алайда аталған демократиялық қағидат тәжірибе жүзінде жүзеге асырылмайды», - дейді Т. Өмірзақов.
Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтар жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болады. Мәселен, көп жағдайда жұмыс берушілер жұмысшы жасына шектеу қойып, жас және тәжірибелі мамандарды іріктеуге тырысады.
«Заңнама жүзінде тыйым салынғанына қарамастан, біздің қоғамда қарт адамдарды жұмысқа алуда кері көзқарас тамыр жайып келеді. Бұл шын мәнісінде өмірлік күш-қуатқа толы қарт адамдардың моральдық ахуалына кері әсерін тигізеді. Халықаралық еңбек ұйымы егде адамдар еңбегінің өнімділігі төмен деген пікірді әлденеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар тәжірибесі жоқ жастар да кемсітіледі, бұл түпкі нәтижесінде оларды ең тиімсіз жағдайларда кез-келген жұмысқа келісуге мәжбүрлейді», - дейді депутат.
Бұл ретте Т. Өмірзақов азаматтарды жұмысқа алу барысында кемсіту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты күшейту қажеттігін алға тартады. «Ең бастысы жас шектеулері қойылған жұмысқа қабылдау туралы хабарламаларды БАҚ-та жариялауға тікелей тыйым салу қажет. Бұл жұмысшыларды кемсіткені үшін жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартуды оңайлатуға және қоғамдық санада жасына байланысты кемсітушілікке деген кері қабылдауды пысықтауға мүмкіндік береді», - дейді ол.