Қазақстандықтардың ел тағдырын Президентке сеніп тапсыруында оның ауыр еңбекте шыңдалып, партия, үкімет қызметтерінде сыннан өткені үлкен рөл атқарды - А. Есімов
АЛМАТЫ. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат - Тәуелсіз тарихтың алғашқы бетінде 1991 жылдың 1-желтоқсанында сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алған Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі әрбір азаматтың жүрегінде қалды.
Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Республика сарайында өткен салтанатты жиында айтты.
«Әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде тарихи да жасампаз жаңа дәуірге қадам басқанына биыл 22 жыл толады. Осынау сындарлы кезеңде, тар жол тайғақ кешуден аман-есен алып шыққан Елбасымыз аз ғана уақыттың ішінде мемлекетіміздің қарыштап дамуына, тәуелсіздік тұғырының нығаюына, халықтың әл-ауқатының артуына сіңірген еңбегі зор. Бүгінде Қазақстанның шаңырағы берік, мерейі үстем, беделі асқақ», - деді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, тәуелсіздік тарихының алғашқы бетіндегі Президент сайлауы жаңа мемлекеттің қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы болды. Осы орайда ерекше айта кететін жайт, Қазақстан халқы өзінің жаңа көшбасшысының қарапайым адамдар ортасынан шыққанын, Қарағанды металлургиялық комбинатында ауыр еңбекте шыңдалып, партия, үкімет қызметтерінде сыннан өткенін жақсы білетіндігі. Бұл ел тағдырын Президентке сеніп тапсыруда үлкен рөл атқарды.