18:52, 05 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстандықтардың Газа секторы аймағында қалып қоюына отбасылық жағдайлары себеп болып отыр ? І. Омаров
АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Газа секторы аймағында қазақстандықтардың қалып қоюына отбасылық жағдайлары себеп болып отыр. Бүгін аталған мәселеге орай өткен баспасөз мәслихатында ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы ақпараттар бойынша израиль-палестин қақтығысы орын алып отырған Газа секторы аймағынан қазақстандық 2 азаматша 5 баласымен елге оралса, Қазақстанның 16 азаматы әлі де сол өңірде қалып отыр. Газа секторы аймағындағы қазақстандық азаматтардың басым бөлігі 1990 жылдары медицина оқу орындарында оқыған палестиндіктерге тұрмысқа шыққандар болып табылады.
«Бастапқы кезеңдерде Газа секторындағы қазақстандықтармен байланыс орнатылғанда, еліміздің 4 азаматы Қазақстанға қайтуға, кейіннен тағы 7 азамат эвакуациялануға өтініш білдірген болатын. Бірақ, олардың басым бөлігі отбасылық жағдайларына байланысты өтініштерін қайтып алып, нақты түрде тек екі азаматша бес баласымен ғана елге оралды. Қазақстан елшілігі мен дипломаттары қақтығыс аймағындағы ел азаматтары тарапынан болатын кез-келген өтінішке орай мүмкін болатын әрекеттердің барлығын атқаруға дайын», деді І. Омаров.