Қазақстандықтардың көбі Түркияда отбасымен демалғанды ұнатады

АЛМАТЫ. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Демалысын Түркияда өткізетін қазақстандықтардың үлесі жыл сайын 20 пайызға ұлғайып келе жатыр. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің мәдениет және ақпарат бөлімінің баспасөз-аташесі Нильгюн Кылыгарыслан бүгін Түркияның Мұғла провинциясынан келген делегацияның Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

Қазақстандықтардың көбі Түркияда отбасымен демалғанды ұнатады

«Соңғы жылдары қазақстандықтар үшін Түркия ең танымал демалыс орындардың біріне айналды. Оған статистикалық деректер нақты айғақ бола алады. Мәселен 2009 жылы 219 мың 445, 2010 жылы 247 мың 784, 2011 жылы 315 мың 907, 2012 жылы 380 мың 46 қазақстандық турист бұл елде болып қайтты. Былтыр пайыздық өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 20,30 пайызға ұлғайды», - дейді Н. Кылыгарыслан. Оның айтуынша, 2012 жылы қазақстандықтардың 224 мың 296-сы Анталья, 144 мың 213-і Стамбұл, 6 мың 432-сі Мұғла, 368-і Измир қалаларына, ал 4 мың 737-сі өз демалысын Түркияның өзге аймақтарында өткізген.

Қазақстан туристік қауымдастығының менеджері Клара Мамутованың сөзіне қарағанда, қазақстандық туристердің тең жартысы бұл елде отбасымен демалғанды ұнатады. Олардың үлесі жыл сайын 60-70 пайызға ұлғайып келе жатыр.