Қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 7 млрд. теңгеге жетті - Елбасы

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Елбасы қазақстандықтардың коммуналдық қарызының 7 млрд. теңгеге жетуіне алаңдаушылық танытты. Бұл туралы бүгін Ақордада барлық деңгейдегі әкімдердің қатысуымен өткен жиынның қорытындысына орай ұйымдастырылған брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаев мәлім етті.

Қазақстандықтардың коммуналдық қарызы 7 млрд. теңгеге жетті - Елбасы

Оның атап өтуінше, Президент өңір басшыларының коммуналдық қызмет қарыздарын төмендету бойынша тапсырманы бақылауға алмай отырғандықтарын сынға алды. Елбасының алға тартқан дерегіне сәйкес, бүгінде қазақстандықтардың аталған қарызы шамамен 7 млрд. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тарифтердің жыл сайынғы өсімі де бақылауға алынбайтындығын атап өтті. «Президент нақты мысал келтірді: Павлодар облысында энергостанса  тарифті 1,5 есе көтерді, ал ол жақта тозу да өсіп келеді. Ал Көкшетауда жергілікті монополистің 4 млрд. теңгелік  инвестициялық бағдарламасы электр желілеріндегі шығынды тек 1 пайызға ғана төмендетеді», - деді Д.Абаев.