Қазақстандықтардың көпшілігі қандай спорт үйірмелеріне қатысады
ТОП-5-тің көшін футбол бастап тұр. Қазақстандағы ең көп қатысушысы бар үйірме. 1 млн 63 мыңға жуық қазақстандық футбол ойнайды. Олардың қатарында аталған спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Болашақ футбол әлемінің жұлдыздарын жаттықтырып, тәрбиелеп шығару үшін елімізде 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.
Екінші орында - волейбол. Мектеп жасынан көпшілігіміздің сүйікті ойынымызға айналған волейболмен біздің елде 766 мың адам айналысады. Қазақстанның барлық өңірінде жасөспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді.
Қазақстандықтар көп қатысатын үйірмелердің үшіншісі - баскетбол. Елімізде командалық спорт түрлеріне қызығушылық өте жоғары. Мәселен, елімізде 562 мыңға жуық адам баскетболмен айналысады. Бұл спорт түрінің қыр-сырын үйрететін 11 738 үйірме жұмыс істейді.
Төртінші орын - жеңіл атлетика. Тарихы ерте заманнан бастау алатын жеңіл атлетика әлі күнге дейін танымалдыққа ие спорт түрі саналады. Елімізде 7380 үйірме бар және 384 мыңға жуық адам жеңіл атлетикамен шұғылданады.
Бестікті түйіндейтін үстел тенисі жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан, жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі. Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық үстел тенисінің үйірмесі жұмыс істейді. 242 мыңнан астам адам аталған спорт түрімен айналысады.
Спорт жанкүйерлерінің қызығушылығы өте жоғары бокс үйірмелеріне 126 мыңға жуық адам қатысады. Ал, дзюдомен 133 мыңға жуық спортшы айналысса, 116 мыңға жуық адам еркін күреспен шұғылданады.