Қазақстандықтардың музейге қызығушылығы артып келеді
Музей өкілінің айтуынша, келушілердің ішінде, әсіресе, елорда қонақтарының, шетелдіктердің үлесі зор.
«2016 жылдың маусым айында келушілер арасынан студенттер, мектеп оқушылары, ересектер, туристiк топтар секілді санаттардың артқаны байқалды. Бұл халықтың музейге деген қызығушылығының артып отырғанын көрсетеді. Егер 2015 жылы музейге 158 мың адам келсе, 2016 жылдың бiрiншi жартыжылдығында 86 мың 797 адам музейде болды», - деді Абай Сатыбалдин.
Айта кетерлігі, музейде көне және орта ғасыр тарихы залы, этнография залы, алтын зал, Тәуелсіз Қазақстан және Астана залы, көрмелер залы, қару-жарақтар мен кілемдер коллекциясының залы жұмыс істеп тұр. Музейдің экспозициясы хронологиялық тәртіппен орналастырылған, заманауи көрме технологиялары пайдаланылған. Музей жаз айларында да халыққа үздіксіз қызмет көрсетуді жалғастыратын болады.
«Музей залдармен шектелмей, қонақтарға түрлi танымдық, мәдени iс-шаралар мен көрмелерді ұйымдастыруымен ерекшеленеді. Бағдарламаға декоративтiк қолөнер, бейнелеу өнерi, заманауи өнер, фотокөрмелер, акциялар, музей сабақтары, байқаулар, дәрiстер, дөңгелек үстелдер мен семинарлар кiредi. Келушілерге 5 тiлде: қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрiк тiлдерiнде экскурсия жүргiзiледi», - дедi А.Сатыбалдин.
Оның айтуынша, биыл музейде барлығы 10 халықаралық және 20 республикалық көрме ұйымдастыру көзделген.