Қазақстандықтардың өмір сүру жасы ұзарды - Денсаулық сақтау министрі С. Қайырбекова
АЛМАТЫ. 26 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Соңғы үш жылда қазақстандықтардың өмір сүру жасының ұзақтығы 2,3 жылға өскен. Бұл жайында бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Алматыда өтіп жатқан «Салауатты ұлттың жарқын болашағы» атты форумда айтты.
Сонымен қатар ол халықтың табиғи өсімінің, туу мен өлімі сияқты негізгі медико-демографиялық көрсеткіштерінің тұрақтанғандығын айтып өтті. Бұған салауатты өмір салтын қалыптастыру мен өз денсаулығына жауапты көзқарас бойынша халықпен жұмыста халықаралық технологияларды зерттеу мен енгізу ықпал еткен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, адам денсаулығының 50 пайызы өмір сүру салтына тәуелді, бұл қоршаған ортаның, өмір сапасының және денсаулықты жақсарту мүмкіндіктеріне қол жетімдік әсерінен қалыптасады. «Өлімнің ең көп үлесі (86%) мен аурулар ауыртпалығы (77%) инфекциялық емес созылмалы аурулардан туындайды, бұлардың негізінде шылым шегу, алкогольді тым көп мөлшерде ішу, дұрыс тамақтанбау, денешынықтырумен айналыспау сияқты қауіп-қатер факторлары жатыр», - деп атап өтті өз сөзінде С.Қайырбекова.
С.Қайырбекова сондай-ақ денсаулық сақтау саласының тағы бір жеткен жетістігі - ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі туралы» Кодекске алкоголь мен шылым шегуді реттеуге байланысты енгізген заңнамалық нормативтік актілердің маңызы зор екендігін айтып өтті.