Қазақстандықтардың орташа жалақысы 158,2 мың теңге болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы орташа жалақы көлемін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандықтардың орташа жалақысы  158,2 мың  теңге болды

Министрдің айтуынша, жыл басынан бері 414,5 мың адам жұмысқа орналасқан және қазан айында жұмыссыздық деңгейі 4,8% дейін төмендеген.

«Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Биылғы қаңтар-қыркүйекте орташа айлық жалақы 158,2 мың теңгеге дейін ұлғайды. Жалақының өсуі және инфляциялық процесстердің бәсеңдеуі аясында нақты ақшалай табыс биылғы қаңтар-тамызда 3,5%-ке өсті», - деп атап өтті Тимур Сүлейменов бүгінгі Үкімет отырысында.

Дегенмен, халықтың табысы бойынша өңірлерде түрлі көрсеткіштер байқалған.

«Биылғы қаңтар-маусым айларында 17 өңірдің 13-інде нақты табыстардың өсуі байқалып отыр. Сонымен бірге, 4 өңірде нақты табыстар азайған. Олар - Маңғыстау (-4,5%), Қызылорда (-2,6%), Алматы (-0,4%) облыстары және Алматы қаласы (-0,6%)», - деді Т. Сүлейменов.