Қазақстандықтардың рухани жаңғыруы жайында ұлттық баяндама әзірленбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі қазақстандықтар санасының жаңғыруы жайында ұлттық баяндама әзірлемек. Бұл жайында аталған жобалық кеңсенің жетекшісі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қазақстандықтардың рухани жаңғыруы жайында ұлттық баяндама әзірленбек

«Нұр Отан» партиясы 2014-2015 жылдары құндылықтарға сараптама жүргізді. Шамамен 1 600 адам арасында сауалнама жүргізіліп, оларға: «Сіз үшін ең басты құндылық не?» деген сауал қойылды. Сауалнамада 21 ұстаным бар. Соның бастапқы үшеуіне қатысқандардың 75 пайызы денсаулықты, 54 пайызы баланы, 47 пайызы қауіпсіздікті басты құндылық санайтындықтарын білдірген. Ал өзін-өзі дамыту, Отанға қызмет ету, отаншылдық мәселелерін басты құндылық деп санайтындардың қатары 15 пайызға да жетпейді. Сондықтан бұл мәселелерді өз жұмысымызда қаперге алуымыз қажет. Бұл жекелеген ұйымдардың зерттеулері болғаны түсінікті де. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүйелі зерттеулер ұйымдастырылатын болады», - деді Арман Евниев.

Осы ретте ол «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің зерттеу нысанына айналған көші-қон мәселелеріне қатысты ашық деректерге де тоқталды.

«Егер елге 11 900 адам келсе, дәл осы кезеңде кеткендердің саны 28 200 адамды құрады. Шындығын айтқанда, біз соңғы 10 жылдың ішінде көші-қонның теріс сальдосы бойынша рекордтық көрсеткішке жеттік. Бізді техникалық мамандық иелерінің, экономистер мен пегадогтардың кеткені айрықша алаңдатады. Мәселен, егер 990 техникалық маман келсе, бізден кеткені 4800, 627 экономист келсе, кеткені 2 700, 537 педагог келсе, кеткені 1 700 маман», - деді ол.