Қазақстандықтардың Сауд Арабиясына және Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан тартынуы ескертуі жасалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандықтарға Сауд Арабиясына және Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан тартыну туралы ұсыныс жасалды. Бұндай ұсынысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары - Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.
«Сауд Арабиясы Корольдігі, Таяу Шығыс елдеріне барудан тартынуды немесе бұл елдерге сапарларды қатты қажет болған жағдайда ғана жасауды ұсындық», - деді Ж.Бекшин.
Бұл қауіпсіздік шаралары аталған елдердегі пневмококк инфекциясы, коронавирус індеті ошақтарының пайда болуына байланысты болып отыр. Оның сөзіне қарағанда, Сауд Арабиясы Корольдігінің денсаулық сақтау министрлігі асқынған дерті бар және иммунитеті төмен адамдардың сапарына ескерту жасады.
«Бүгінде 700-ге жуық оқиға тіркеліп, оның ішінде 280-інде адамдар қаза болды. Осының негізгі үлесі Сауд Арабиясы Корольдігіне тиесілі. Жалпы бүгінде коронавирус он жеті мемлекетте тіркелді», - деді Ж.Бекшин.
Сонымен қатар ол аталған елге қажылыққа баратын адамдарда пневмококк инфекциясына қарсы вакцина егілгендігін растайтын сертификат болуы қажет екенін айтты.
Айта кетейік, пневмококк - жедел пневмонияның қоздырғышы (әсіресе, кішкентай балалар мен қарттарда). Қанға түскен жағдайда қоздырғыш ми қабықтарының, өкпенің, буынның және тағы басқа ағзалардың іріңді қабынуына алып келеді. Балаларда жиі кездесетін клиникалық түрлері - жедел орта отит (60 пайызға дейін), пневмония (65-80 пайызға дейін) және менингит (5-20 пайыз).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде пневмококк инфекциясынан пайда болатын сырқаттардан жылына 1,6 млн.-нан астам адам қайтыс болады. Соның ішінде 1 млн.-ға жуығы - 5 жасқа толмаған балалар. Ал 1 жасқа толмаған балалардың шетінеу үлесі 40 пайызды құрап отыр.