Қазақстандықтардың шет елдердегі демалыс сапарында келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін нұсқаулықтар дайындалды - СІМ

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы азаматтарының биылғы демалыс сапарларында кездейсоқ әрі келеңсіз жағдайлардан сақ болуы, ондайдың алдын алу мақсатында Сыртқы істер министрлігі қарапайым нұсқаулықтар мен кеңестерді дайындады.
None
None

ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, 2011 жылы шет мемлекеттерде 6 миллионға жуық отандастарымыз болып қайтқан. Осыған орай, жыл сайын шетелге шығатын қазақстандықтар санының артып отырғанын ескере келе, министрлік арнайы нұсқаулықтар әзірлеп шықты. Онда демалыс сапарына шығушылар үшін маңызды мәселелер қамтылып отыр. Атап айтқанда:

- ҚР СІМ-нің www.mfa.kz интернет парақшасында берілген баратын елдегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдық мекемесінің телефондарын жазып алу қажет;

- Біздің интернет парақшамызда басқа да пайдалы ақпараттармен егжей-тегжейлі танысуды ұсынамыз. Баратын елдерде өзіңізге қажетті дәрі-дәрмектердің бар-жоғын алдын ала біліп алыңыз. Кейбір кездерде Қазақстанда оңай сатып алуға болатын дәрілерді, шет елде шығара бермейді немесе оларды тек дәрігердің берген нұсқауымен сатып алуға болады;

-Шет елде болатын мерзімге сәйкес дәрігерлік сақтандыру полисін алу қажет. Ол саяхат кезінде жазатайым оқиғадан сақтану мен сақтандыру полисінде көрсетілген аяқастынан болған дәрігерлік шығындардан сақтануға мүмкіндік береді;

- Шет мемлекетте болған кезде жергілікті заңдарын, салт-дәстүрлерін сақтау, баратын елдің қажетті сөз тіркестерін білу саяхатыңызды жеңілдетеді. Паспорт пен ақшаны қауіпсіз жерде сақтау қажет;»- делінген нұсқаулықта.

Сонымен қатар, соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының жеке куәлігі, паспорттары мен басқа да құжаттарының шет елдерде жоғалу жайттары тіркелуде. Осыған орай, СІМ жеке басын куәландыратын және ҚР азаматтығына қатыстылығын айғақтайтын құжаттардың көшірмесін жасап алу және көшірмені түпнұсқадан бөлек сақтау қажеттігін ескертеді. Бұдан бөлек:

- Консулдық есепке тұру қажеттігін ескерген жөн. Ол форс-мажорлық жағдайларда Сізбен уақытылы хабарласуға мүмкіндік береді;

- Туыстарыңызбен пошта, телефон немесе интернет арқылы хабарласып тұрғаныңыз абзал.

«Осылармен бірге, баратын еліңіз туралы, оның саяси жағдайы, заңдық және ұлттық дәстүрлері, қоғамдық және басқа орындарда жүріп-тұру ерекшеліктері қосымша ақпаратты біліп алуды лайық санаймыз. Күтпеген жағдайлар туындаған кезде шетелдегі Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінен немесе консулдық мекемесінен көмек сұрауыңыз қажет. Берілген кеңестер шетелде уақытыңызды жақсы өткізуге және демалуға көмектеседі деп сенеміз», - делінген нұсқаулықта.

Бұдан басқа, министрлік Шенген кеңістігіне мүше-мемлекеттерде болудың ерекшеліктері туралы да ескертеді.

«Қазіргі таңда Шенген кеңістігіне туристік мақсатпен баратын Қазақстан Республикасының азаматтарының саны жыл сайын ұлғаюда. Соңғы уақытта бір мәрте Шенген визаларын алған Қазақстан Республикасының азаматтары шенген аумағынан шығып, қайта кірген жағдайда көптеген келеңсіз жағдайларға тап болуда. Ол отандастарымыздың Шенген аумағында болу кезінде сол мемлекеттің ішкі визалық режімін, заңын сақтамауына байланысты. Қазақстан азаматтары «Шенген кеңістігінен» шығып, оған қайта кіргісі келетін жайттар тіркелуде. Осы себептен Қазақстан азаматтарын бір мәртелік визаларының жарамдылығы біткен жайтта шенген аумағына сапар шегуге рұқсат етілмейді. Шенген визасымен шенген аумағының барлық мемлекеттеріне саяхат жасауға болатынын атап өтеміз. Алайда, ескеретін бірнеше қатаң шектеулерге ден қою аса қажет. Олардың ең бастысы «алғаш кіру тәртібі». Шенген визасын кез келген консулдық қызметтен алуға болады. Алайда, ол қай елге баратыныңызға байланысты. Егер бір емес, бірнеше мемлекетке жол тартсаңыз, қай мемлекетте ең көп тұрақтауды жоспарласаңыз, сол елдің консулдық қызметіне жүгінгеніңіз дұрыс. Сондай-ақ, бір мәртелік визамен Шенген аймағына визаны берген консулдық мекеменің елі арқылы ғана кіруге рұқсат етіледі. Сонымен бірге, болу мемлекетінің ішкі заңнамасын сақтау керектігін ескертеміз. Себебі, шет елде жасалған әрбір құқықбұзушылық құқық қорғау органдарында тіркеліп, болашақта виза беруден бас тартуға себеп болады», - делінген нұсқаулықта.

«Work & Travel in the USA» бағдарламасы туралы

«Work and Travel in the USA» бағдарламасы   шетелдік студенттерге жазғы демалыс кезінде АҚШ-қа сапар шегіп, американдықтардың өмірімен танысуға мүмкіндік береді. Work and Travel бағдарламасына негізінен кейбір Шығыс Еуропа елдерінің, Ресей, Украина, Қазақстан және басқа да ТМД елдерінің, сондай-ақ Бразилия, Түркия және басқа да елдердің студенттері қатысады.  Бағдарламаның қиындық тудыратын ең басты мәселелерінің бірі Қазақстан студенттері визаларының мерзімі аяқталғаннан кейін олардың АҚШ аумағында қалып қойып, елге қайтпауында болып отыр.

«Шетелге алғаш рет шыққан қазақ студенттері Америка Құрама Штаттарына ұшып келісімен қолайсыз жағдайларға душар болуда. Оларға рекрутрлық компаниялардың жетекшілері берген жадынама арқылы жұмысқа орналасқан жерлеріне өздері барады. Сондай-ақ, АҚШ-қа түнгі мезгілде ұшып келген студенттер әуежайда түнеп және шақырушы жақтан жұмыс жайы болмағаннан кейін өз беттерінше жеңіл-желпі жұмыс тауып, сан алуан күтпеген оқыс оқиғаларға кезігуде. Осыған байланысты, аталған проблеманы шешу мақсатында, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті осы бағдарлама бойынша шығушы студенттерге арналған жадынамалар дайындап, қазіргі уақытта АҚШ-тың Астанадағы Елшілігінің және Алматыдағы Бас консулдық қызметкерлерімен шетелге шығатын қазақстандық студенттерге виза берер кезде тиісті жадынамалар таратылуда», - делінган таратылған баспасөз айғағында.

Соңғы жаңалықтар