Қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы 2,7 трлн теңге баспана сатып алуға жұмсалған

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы 2,7 трлн теңгеден астам жинағын баспана сатып алуға, ипотеканы жабуға пайдаланған. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ашық талқыға шығарған «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасында» жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Зейнетақы компаниясының шеңберінде биыл 1 қаңтардағы мәлімет бойынша азаматтар тұрғын үй жағдайларын жақсартуға 2,7 трлн теңгеден астам қаражатты пайдаланды. Былтыр желтоқсанның соңына азаматтардың тұрғын үй құрылысы мен оларды сатып алуға кредиттері бойынша орташа өлшемді сыйақы мөлшерлемесі 9,8% болды. Бұл көрсеткіш 2021 жылы – 8,2%, 2020 жылы – 7,6% болған», - деп деректер келтірілген тұжырымдамада.

Жыл басындағы ақпаратқа қарағанда, қазақстандықтарға жиынтық көлемі 5,1 трлн теңге болатын ипотекалық кредит берілген.

«Биыл 1 қаңтардағы мәлімет бойынша ипотекалық кредиттер портфелінің жиынтық көлемі – 5,1 трлн теңге. Оның ішінде «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы шеңберінде 880,3 млрд теңгеге 65 975, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша 2,9 трлн теңгеге ипотекалық тұрғын үй қарыздары берілді», - делінген құжатта.

Тұжырымдама 15 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар