Қазақстандықтардың зейнетақы жинағы инфляцияға «желініп» кетпей ме
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы салымшылардың зейнетақы жинағы инфляцияға «желініп» кетпей ме? Тілшілердің бұл сұрағына Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Басқарма бөрағасы Жанат Құрманов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл шынында да, зейнетақы жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі. Заңға сәйкес, сенімді басқарушылардың бірі – Ұлттық банк екенін еске сала кетейін. Күшіне еніп жатқан жаңа нормаларға сәйкес, басқарудың бәсекелі нарығын қалыптастыру үшін зейнетақы жинағын басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігі беріліп жатыр. Ұлттық банктың басқаруы туралы айтар болсақ, бұл бағытта шұғыл және көпдеңгейлі шешімдер қабылдануда. Инвестициялау бойынша негізгі бағыт-бағдарды Ұлттық қорды басқару кеңесі белгілейді. Одан бөлек Үкімет қаулысына сәйкес, зейнетақы жинағын инвестиция ретінде пайдалануға болатын қаржы құралдарының тізімі жасақталады. Бұл – Үкіметтің құзырындағы іс. Осыдан кейін Ұлттық банк инвестициялық декларацияны қабылдайды», - деді Жанат Құрманов.
Оның айтуынша ел ішінде салуға болатын инвестиция көздері аз болғандықтан, зейнетақы жинағының бір бөлігі (үштен бірі) шетелдік нарықтарға салынған.
«Инвестициялаудың сапасын сақтап тұру үшін осындай шешім қабылданған. Екіншіден, шетелге салынатын инвестиция «қатты» валютамен салынатындықтан, бұл жинақ теңгенің құнсыздануынан тәуелсіз. Инвестициялауда қолданылатын негізгі валюта – АҚШ доллары», - деді ол.
Ол сонымен қатар қазақстандықтардың зейнетақы жинағының 40 пайызы Қазақстанның өз ішіндегі мемлекеттік құнды қағаздарға инвестицияланатынын айтып өтті. «Бұл да халықаралық тәжірибе», - дейді ол.