Қазақстандықтарға арналған инсулин неге Өзбекстаннан шықты - министрліктің жауабы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова қазақстандықтарға арналған инсулиннің Өзбекстанда сатылып жатқанына байланысты ақпаратқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның айтуынша, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылдың соңында ҚР Сыртқы істер министрлігі арқылы көрші елдің әріптестеріне осындай жағдай туралы хабар беруді сұраған. Алайда шекарадан ондай ақпарат келмеген.

«Инсулиндер бірыңғай дистрибьютор (СК-Фармация) арқылы сатып алынып, Қазақстанның тікелей медициналық ұйымдарына келіп түседі. Ол жерде инсулиндер рецепт ретінде жазылып, пациенттердің қолына тапсырылады. Өткен жылы біз бөлшек сауда желісінде бірыңғай дистрибьютор арқылы алынған осындай препараттардың сатылу жағдайларын анықтаған болатынбыз. Бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына да хабар бердік. Біз пациенттердің сол препаратты алғанынан немесе басқа жерге (Өзбекстандағы дәріханаларға) сатқанынан хабарымыз жоқ. Болмаса ол препараттар сызылып тасталып, медициналық ұйымдардан алынып кеткен. Басқа органдар мен прокуратура нақты осы істің мән-жайын анықтау үстінде», - деді тілшілерге Людмила Бюрабекова.

Оның сөзіне сенсек, өткен жылы аталмыш препараттар бойынша жетіспеушілік сезілгенімен, дәл қазір дәрілік препараттың артылып қалғаны белгілі болып отыр. Ал Людмила Бюрабекованың орынбасары Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш дәрілік препараттардың жетпей қалғанына байланысты арнайы мониторинг те жүргізген.

«Ол мониторинг бойынша 50 медициналық ұйым мен 8 мыңға тарта пациент қамтылған еді. Ақырында, 149 пациент препаратты алмағанын айтты. Біз осы мәселе бойынша Бас прокуратураға хат жолдадық. Өткен жылдың тамыз айынан бері тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге нәтиже жоқ. Алдымен тексеру аяғына дейін жетуі тиіс», - дейді Нұрлыбек Асылбеков.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2018 жылы амбулаториялық сатып алу аясында растворларды, шприцтерді сатып алуға 11 млрд теңге және инсулин таблеткаларын сатып алуға 4 млрд теңге бөлінген. Инсулиндер туралы сөз қозғағанда Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері көршілес елдегі дәріханаларда қазақ тіліндегі маркамен заңды түрде пайда болуы мүмкін емес екенін алға тартты.

Айта кетсек, бүгін осы мәселе бойынша ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин пікір білдірген болатын. Оның айтуына қарағанда, қадағалаушы орган жағдайды талдап, ақпарат расталған жағдайда тиісті шара қабылдайды.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын БАҚ-та Қазақстан азаматтарына арналған инсулин Өзбекстанда сатылып жатқандығы туралы ақпарат тараған болатын.

Соңғы жаңалықтар