Қазақстанға 3 центнер дәрі заңсыз кіргізілмек болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматы Қытайдан 3 центнерге жуық дәрі-дәрмекті елімізге алып өтпек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қорғас» шекаралық бақылау отрядының шекарашылары 2018 жылғы 29 қарашада, сағат 19.30 шамасында «Халықаралық шекарамаңы ынтымақтастығы орталығынан» елімізге қытай дәрі-дәрмегін жасырын алып өтпек болған 25 жастағы қазақстандықты ұстады. Жалпы салмағы 298,5 кг дәрі-дәрмектің рұқсат қағаздары болмаған. Ұсталған азаматтың жүгі тәркіленіп «Алтынкөл» кеден бекетінің өкілдеріне тапсырылды», - делінген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ақпаратында.
Бұдан бөлек, шекарашылар бүгін таңға жуық «Қордай» шекара отрядының «Қарасу-авто» бөлімшесі қызметкерлері «Мерседес бенс» жекеменшік көлігімен еліне қайтып бара жатқан 23 жастағы қырғызстандықты ұстады. Оның машинасын тексеру барысында 2 ыдысқа бөліп салынған жалпы салмағы 21 кг форель балығының шабақтары табылды.
«Бұл іспен әрі қарай Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері айналысатын болады», - делінген хабарламада.