Қазақстанға АЭС салудан үмітті вендерлердің қатарына екі америкалық компания кіруі мүмкін

Қазақстанға АЭС салудан үмітті вендерлердің қатарына екі америкалық компания кіруі мүмкін
Фото: vwalakte/Freepik

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанға АЭС салудан үмітті екі америкалық компанияның ұсынысын пысықтап жатқандарын айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген министр Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қазақстандық «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатына пікір білдірді.

«Росатом» компаниясы – вендерлердің бірі. «Росатом» компаниясынан бөлек франциялық IDF, Оңтүстік Корея мен Қытай Халық Республикасының компаниясы бар екенін білесіздер. Сондай-ақ біз америкалық General Electric, NuScale компанияларының ұсыныстарын қосымша қарастырып жатырмыз. Яғни, шағын модульді реакторлар орнату технологиясын зерттеп жатырмыз. Бұған дейін айтқанымда, шешім референдумнан кейін шешіледі», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министр ведомство бұл жұмыстың бәрінен уақытылы мәлімет таратып отыратынын айтты.

«Қазіргі таңда министрлік референдумға дайындықпен айналысып жатыр. Соның аясында өз сарапшыларымызды ұсынып, халықпен кездесетін топтарға базалық мәліметтерді бердік», - деді Энергетика министрі.

Соңғы жаңалықтар