Қазақстанға Аустрия Сыртқы істер министрінің өкілдері келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 6 наурызда Аустрияның Еуропа, интеграция және сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Йоханнес Петерлик Қазақстанға сапарлап келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанға Аустрия Сыртқы істер министрінің өкілдері келеді

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астана өткен апталық брифингте айтты.

«Сапар шеңберінде аустриялық дипломат Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұловпен кездесуі жоспарлануда. Оған қоса, екі ел арасындағы екіжақты саяси консультациялар өтеді. Бұл саяси консультациялардың маңызды тармағы жоғары деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру болып табылады», - деді Айбек Смадияров.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтағы саяси диалогты тереңдетудің жағдайы мен перспективаларын талқылайды.

«Астана мен Вена қазіргі әлемнің өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарға ие. Аустрия Қазақстанды саяси ынтымақтастық бағытында маңызды әріптес ретінде қарастырады. Ядролық қарусыздану және таратпау тақырыптары, өңірлік қауіпсіздік, экономикалық дипломатияны жандандыру мәселелері екі елдің ортақ тақырыптары», - деді Айбек Смадияров.