Қазақстанға әйгілі Cirque du Soleil ұжымы келді

АСТАНА. KAZINFORM – Танымен Cirque du Soleil ұжымы Қазақстанға келді. Олар Астана мен Алматы қалаларында аңызға айналған OVO шоуын ұйымдастырмақ.

 Cirque du Soleil
Фото: Cirque du Soleil

OVO шоуы 4–7 маусым аралығында Астанадағы Barys Arena сахнасында өтеді. Ал 11–14 маусым күндері қойылым алғаш рет Алматы қаласында, Almaty Arena аренасында көрсетіледі. Әлемдік тур аясында 14 қойылым жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шоуды 70 мыңнан астам көрермен тамашалауы мүмкін.

 Cirque du Soleil
Фото: Cirque du Soleil

Cirque du Soleil-дің 42 жылдық тарихында бұл компанияның Қазақстанға екінші рет келуі. Алғаш әйгілі ұжым елімізде EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде өнер көрсеткен болатын.

Қойылымның халықаралық құрамында әлемнің 25 елінен келген 100-ден астам маман жұмыс істейді. Олардың қатарында Бразилия, Канада, Франция, Қытай, Моңғолия, Ресей және басқа да мемлекеттердің өкілі бар. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мамандар көрермендерге ерекше әсер сыйлайтын ауқымды шоу әзірлеп жатыр.

 Cirque du Soleil
Фото: Cirque du Soleil

OVO by Cirque du Soleil шоуының PR-менеджері Жани Малле елорда тұрғындарының қонақжай көңілін жоғары бағалады.

– Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Ұлттық оркестрдің өнерін тамашалап, жергілікті тағамнан дәм таттық. Әсіресе бауырсақ ерекше әсер қалдырды. Мұнда адамдар өте қонақжай әрі жылы жүзді екен. Бірнеше күн қаланы аралап, өңірдің мәдениетімен танысуға мүмкіндік алдық. Енді қазақстандық көрермендермен кездесуді асыға күтіп жүрміз, – дейді Жани Малле.

Айта кетейік, Cirque du Soleil ұжымы Қазақстандағы гастрольдерді өткізу үшін екі жүк ұшақпен келді, онда шамамен 200 тонна жабдық тиелген. Оның ішінде алып декорациялар, сахналық конструкциялар, жарық пен дыбыс жүйелері, жүздеген костюм және шоуға қажетті техникалық жабдық бар.

Бұған дейін Ұлттық ұлан концертінде алғаш жасанды интеллект қолданылғанын жазған едік.