Қазақстанға баланы қорғау жүйесінің озық тәжірибесі керек - Д. Назарбаева
«Заман ағымының өзі отандық заңнаманы одан әрі жетілдіруді, Қазақстандағы балалардың аман-саулығын арттыру, әрбір баланың отбасында жан-жақты тәрбие алуы үшін жағдай жасау қажеттігін талап етуде. Ал бұл үшін ең алдымен осы саладағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет. Осыған орай, бір топ депутат бастамашылық жасап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі», - деді Д. Назарбаева. Оның айтуынша, заң жобасының негізгі ережелері ананы, әкені және баланы қорғау және осы мәселені жетілдіру іргелі конституциялық постулатты іске асыруға бағытталған. Осы ретте вице-спикер жетім балалардың, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің санын айтарлықтай қысқартудың экономикалық және құқықтық тетіктерін жетілдіру аса маңызды.
«Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды есепке алу жүйесінің айқын болмауына байланысты, өкінішке қарай, орын алатын балаларды сату, оның ішінде шетелге сатып жіберу фактілерін түбірімен жою бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі керек. Оның үстіне балаларды асырауға, қамқоршылыққа немесе қорғаншылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру кезінде жекелеген шенеуніктердің заңнама талаптарын орындамауы үйреншікті жағдай болып алды. Балаларымыздың, әсіресе жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндердің қарапайым құқықтары әрдайым бұзылып отыратынын байқаймыз. Бүгін әңгіме осы проблемалар туралы, сонымен қатар оларды шешу жолдары жөнінде болуға тиіс», - деді Д. Назарбаева.