Қазақстанға білімді, интеллектуалды кадрлар өте қажет - «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қазақстанға білімді, интеллектуалды кадрлар өте қажет. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Болашақ-2010: әлеуетті игеру» атты түлектер форумында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы Бауыржан Байбек айтты.

Қазақстанға білімді, интеллектуалды кадрлар өте қажет - «Болашақ» қауымдастығы кеңесінің төрағасы

«Қазақстанға білімді, интеллектуалды кадрлар өте қажет. Біздің экономикамызға, әсіресе ІТ-технологияда, нанотехнологияда, инжиниригте әлеуетті жас мамандар жетіспейді. Ағымдағы оқу жылында 1200-ден астам түлек оқуын бітіріп, елге оралады. Бұл «Болашақ» бағдарламасы тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Сондықтан да болашақтықтар индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылуына ат салысып, еліміздің одан әрі тұрақты дамуына өз үлестерін қосулары қажет», - деді ол.

Сондай-ақ форумның мақсаты жоғары оқу орнын бітіріп келген түлектердің тез арада мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу екенін баса айтқан ол: «Ал біздердің қазіргі уақыттағы мақсатымыз - Елбасы саясатын қолдап, болашаққа арналған бағдарламалардың жүзеге асырылуына көмек көрсету, әрі өз үлесімізді қосу», - деді.

Айта кетейік, форум жұмысына 100-ден астам мемлекеттік органдардың лауазымды қызметкерлері, облыс әкімдерінің үдемелі индустриялы-инновациялық бағдарламаның жүзеге асырылуына жауапты орынбасарлары, 50-ден астам мемлекеттік, жеке компаниялардың басшылары қатысуда. Бұл өз кезегінде алқалы жиын аясында ұйымдастырылатын еңбек жәрмеңкесі барысында болашақтықтардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік бермек.