«Қазақстанға бұрынғы кеңестік республикалардың Ұлттық ғылым академиялары үлгі бола алмайды» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 2 желтоқсан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Алматыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан ғалымдарының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған форумы өтті. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қазақстанға бұрынғы кеңестік республикалардың Ұлттық ғылым академиялары үлгі бола алмайды» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның атап өтуінше, осы жиын барысында әлемдік ғылымды дамытуға қосқан және мемлекеттің даму стратегиясының ғылыми негізін қалап, жүзеге асырғаны үшін Мемлекет басшысына «Ғасыр ғұламасы» жоғары атағын берген. Ал жиын барысында сөз сөйлеген Елбасы ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру өмірлік қажетті тиімді жүйе екенін баса айта келе: «Үкіметке «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесіп, 2012 жылдың 1 ақпанына дейін «Бизнес және ғылым - 2020» Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, онда біз бизнес-қоғамдастықтың ғылыми зерттеулерге қатысуын анықтаймыз», - деді.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Астанадағы «Дипломат» қонақ үйінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай «Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы» атты тақырыпқа арналған журналистер мен фототілшілер арасындағы шығармашылық байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Аталған іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, журналистика саласындағы профессор-ғалымдар, министрліктердің жауапты мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жиынға қатысушыларға құттықтау хатын жолдаған Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанның саяси тұрақтылығын, экономикалық табыстарға жетуін, елдің әл-ауқатының айтарлықтай жақсаруын жан-жақты насихаттауда журналистер қауымының үлесі орасан зор екендігін атап өткен.

***

«Қазақ елі даму қарқыны жөнінен әлемдегі көшбасшылардың «үштігіне» кіріп отыр. Ernst&Young аудиторлық компаниясы Қазақстанның алдағы уақытта - 2011-2015 жылдар аралығында да экономикалық өсім бойынша дүниежүзіндегі алғашқы үш мемлекеттің қатарында болатындығын жариялады», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қазақстан әлемдегі «үштікке» кіреді» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, мұндай мәлімдеме кеше Астанада өткен «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы: Тәуелсіздікке 20 жыл және жаңа міндеттер» атты экономикалық форумда жасалды. Ernst&Young аудиторлық компаниясы Қарқынды дамушы нарықтар орталығының басшысы Алексей Карклин-Марше өздерінің елімізді «әлемдік нарықтағы маңызды ойыншыға айналып келе жатқан» мемлекет санайтындарын жеткізген.

***

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасын Халық қаһарманы атағына ұсыну Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің сейсенбідегі бастамасы болатын. Бұл бастама кідірместен Сенатқа жетіп, кешегі палатаның отырысында бірауыздан қолдауға ие болды. Мәжіліс тарқап, Парламенттің қызметін бір өзі атқарып отырған Сенат Президентке еліміздегі ең жоғарғы атақты беруді қамтитын екі заңды бірдей қабылдады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Бұл жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Парламент Тұңғыш Президентке Халық Қаһарманы атағы беретін заң қабылдады» деген тақырыптағы мақалаға назар аударыңыз.

Осы басылымның Қазақ радиосымен бірлескен жобасы аясында ақын Жүрсін Ерманмен арадағы сұхбат «Айтысты 2013 жылдан бастап ЮНЕСКО қаржыландырады дегенді естіп, қуанып отырмыз» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Менде бір ғана қорқыныш бар. Бұл әр саналы қазақтың жүрегін ауыртатын қорқыныш қой деп ойлаймын. Ұрпақ жалғасып, олар кешегі ата-бабалардың дәстүрін, намысын бойына сіңірген жаңа ұрпақ өмірге келіп, жақсылықтарға жол ашылуы керек. Бірақ біз кеңес кезіндегі тұралап қалған қалпымыздан арылып болған жоқпыз», - дейді.

***

«Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың салтанатты ұлықтау рәсіміне қатысты», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, салтанатты шара Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Ұлттық филармонияда өтті. Қырғызстан басшысын құттықтау үшін Түркия Президенті Абдолла Гүл, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, сондай-ақ Тәжікстанның және Әзірбайжанның Премьер-Министрлері арнайы келді. Рәсімге Қырғыз Республикасындағы дипломатиялық миссиялардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар