Қазақстанға электр көліктерін әкелу үшін жеке тұлғаларға берілетін квоталар тоқтатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Кедендік баж бен салықтан босататын жеңілдікті алып тастау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдаған. Бұл жөнінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті Саудалық емес айналым басқармасының бас сарапшысы Медет Меделбай мәлімдеді.
Брифинг барысында ол алдымен соңғы бірнеше жылда бөлінген квоталар жөнінде айтты.
Сарапшының сөзінше, 2022 жылы 10 000 көлік құралына, ал 2023-2025 жылдар аралығында әр жылға 15 000 көлік құралына квота бөлінген. Жеке тұлғалар жылына бір рет электрлі машинаны кедендік баж және салық төлемей, елге алып кіре алған.
Дегенмен, биылдан бастап мұндай жеңілдік алынып тасталды. Енді Қазақстанға электр көлігін импорттаған жеке тұлғалар кедендік баж бен салық төлеуі тиіс. М. Меделбай кедендік рәсімдеудің үш тәсілін ұсынады.

— Біріншісі — тауарлар декларациясы бойынша рәсімдеу. Қазақстан Республикасының ДСҰ алдындағы міндеттемелері шеңберінде қолданылатын ставкаларға сәйкес, кедендік баж 6 АЕК, ал қосылған құн салығы (ҚҚС) 16% мөлшерінде. Айта кетейік, ДСҰ міндеттемелері бойынша, төмендетілген кедендік баж ставкалары қолданылған тауарлар ЕАЭО-ның басқа мемлекеттеріне шығарылмайды және тек ҚР аумағында сатылуына рұқсат етіледі, — деді маман.
Екінші жол да тауар декларациясы бойынша рәсімдеуге жатады. Бірақ ЕАЭО Біріккен кедендік тарифі бойынша жүзеге асады. Онда кедендік баж 6 АЕК мөлшерінде, әкелу кедендік салығы — кедендік құнының 15%-ы және қосылған құн салығы — 16%.
— Үшінші тәсіл — жолаушы кедендік декларациясы (ЖКД) бойынша рәсімдеу. Бұл жағдайда көліктің кедендік құнының 31%-ы біржолғы кедендік төлем ретінде төленеді, — деді М. Меделбай.
Сондай-ақ, ол жеке тұлғалар Қазақстанға электр көлікті бір жылда бір рет әкеле алатынын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан автонарығында электр көліктердің үлесі қандай екені жөнінде жазғанбыз.
Айта кетейік, әлемде электромобиль сатылымы 2025 жылы рекордтық 20,7 млн данаға жетті.