Қазақстанға Германиядан асыл тұқымды бұқалар әкелінді
АСТАНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мал шаруашылығындағы асыл тұқымдар жөніндегі «Асыл түлік» республикалық орталығы Германиядан тұқымы жағынан асыл болып бағаланып отырған жеті бұқаны алып келді, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.
Еуропадан келген автокеруен Астанаға жақын орналасқан Қосшы поселкесінің асыл тұқымды мал орталығының өндіріс базасына келіп жетті.
«Бұл шараның негізгі мақсаты - «Мал шаруашылығындағы кең көлемді селекция» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын жаңа тауарлы-сүт фермалардың шетел селекциясы тұқымының құнын азайту», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Қазақстанның бұқалардың ұрығына жалпы жыл бойылық сұранысы 700-800 мың дозаға бағаланады. Дистрибьюторлық орталықтар сатып алған ауқымдарды есептегенде, рыноктың елеулі бөлігін (82%) «Асыл түлік» өнімі қамтамасыз етіп отыр. Ұрықтық өнімнің 70 пайыздан астамы отандық селекцияның өндіруші бұқаларынан алынып отыр.
Жалпы алғанда, «Асыл Түліктегі» мал тұқымы көлемі жағынан да, сапасы жағынан да қазіргі сұраныс деңгейін қанағаттандырады.
Баспасөз қызметі атап өткендей, бұқа өсірушілерді іріктеу барысында селекционерлер тарапынан ет өнімділік деңгейі мен Қазақстанда бар сапалы сиыр және бұзау малдарының жыныс құрамы ескерілді.
Сонымен қатар бұқа әкелушілер Еуропадағы бұқа өсірушілердің көшбасшысы болып табылады, халықаралық норма негізінде мал тұқымының сапасы бойынша бағаланудан өткендігі туралы сертификатқа ие. Қазіргі таңда бұқалар карантинде тұр.