Қазақстанға Израиль Премьер-Министрі сапарлайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың желтоқсан айының ортасында Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху Қазақстанға сапармен келеді. Бұл жайында бүгін Қазақстан-Израиль сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі 7-ші отырыс барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанға Израиль Премьер-Министрі сапарлайды

«Бүгін біз Қазақстан Республикасы мен Израиль мемлекеті арасындағы үкіметаралық комиссияның 7-ші отырысын өткізіп жатырмыз. Бұл - Израиль Премьер-Министрі Б.Нетаньяхудың елімізге жоспарланған сапары алдындағы маңызды кездесу. Сапар осы жылдың желтоқсан айының ортасына жоспарланған. Біз бүгін елдеріміз арасындағы тиімді ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын талқыладық. Нақты бірқатар келісімге қол қойылады және өзге де қосымша шешімдер қарастырылып жатыр. Ол құжаттар сауда-экономикалық, инвестициялық және түрлі салалардағы біздің елдеріміздің ынтымақтастығын көздейді. Әрине, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су ресустары, инновация салаларындағы ынтымақтастық өзге де бағыттарға тың серпін беретіндігі сөзсіз», - деді комиссия отырысы аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Мұнан бөлек министрдің атап өтуінше, тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін де қарастырды.

«Үкіметаралық комиссия отырысында көтерілген тағы бір өзекті  мәселе біздің елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуе рейсін ашу болды. Қазақстан өз тарабынан ЭКСПО көрмесіне дайындық аясында келесі жылы мұндай әуе рейстерінің орындалуына кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды алып тастауды жоспарлауда», - деді ол.

Сонымен қатар министр екі елдің іскерлік топтарының тікелей байланысын жандандыруға барлық жағдай жасау үшін нақты жұмыстардың қолға алынатындығын атап өтті.   

«Бұл ретте Қазақстан тарабы іскерлік кеңестің құрылуына бастамашылық жасады. Аталған шара екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенеміз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Комиссия отырысына Израиль Қоршаған ортаны қорғау және Иерусалим мен диаспора істері жөніндегі министрі Зеэв Элькин бастаған делегация қатысуда.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстанның Израильмен тауар айналымы 236,9 млн долларға жетті. Оның ішінде экспорт 196,9 млн, импорт 40 млн долларға тең. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткіштерімен салыстырғанда 1,3 пайызға аз. Осыған байланысты тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен оның мүше мемлекеттері және Израиль арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісім жасасу бойынша келіссөздерді бастаудың маңыздылығын айтуда.