Қазақстанға қай жерлерге саяхаттауға болады - KazakhTourism басшысы
АСТАНА. ҚазАқпарат - KazakhTourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев жазғы демалыста саяхаттауға болатын өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жазғы демалыста Орталық Қазақстанда Бурабайға, Қарқаралыға, Баянауыл, Ұлытауға баруға болады. Шығыста - Алтайға, Зайсан, Марқакөл, Рахманов бұлақтарына, Алматыда - Шарын, Көлсай, Қайыңды, Алтынемелге, Аралдағы кемелер орнына, Каспийге, Үстіртке, Балқаш пен Алакөлге баруға кеңес беремін», - деп жауап берді ол ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында журналистер сауалына.
Сондай-ақ, ұлттық компания басшысы көрсетілетін қызмет сапасына түсіністікпен қарауға шақырды.
«Өткен жылы Алакөлге баруды ұйғардық. Ондағы сервистің төмен екенін айтқандар болды. Әрине, қайда бара жатқанымды білдім, Тайланд пен Түркиядағыдай сапалы қызмет көрсетуді күткен жоқпын. Жолдың да жағдайы белгілі. Бірақ, отбасыммен көлге шомылдым, біз тоқтаған қонақ үйдің қожайындары өте мейірімді болып шықты. Өздері пісірген бауырсақ пен тосап, дәмді қаймақты татып көрдік. Бағасы өте тиімді болды (...) Биыл Ұлытауға баруды жоспарлап отырмыз. Ұлытау - тұтас Еуразияның ортасында орналасқан киелі жер. Шыңғыс хан ұрпақтары арасында жалғыз Жошы ханның ғана кесенесі Ұлытауда сақталып қалған. Жошы хан - Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы, қазақ хандары әулетінің бастауы», - дейді Р. Күзембаев.
Сонымен бірге, Р. Күзембаевтың айтуынша, Қазақстандағы туристік әлеуеті бар орындардың инфрақұрылымы бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жолы бойындағы 93 қызмет көрсету орталығының құрылысына жер телімдері бөлініп жатыр. Қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, визит-орталықтар (келесі жылы Ұлытау мен Тамғалытаста ашылады) салынуда.