Қазақстанға қайта келген бельгиялық Жәнібек Жұмағұлов Астанадағы балалар үйіне барды

балалар үйіне барды
Фото: Жәнібектің әлеуметтік желідегі парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM – Бельгиялық отбасы асырап алған қазақстандық Жәнібек Жұмағұлов (Джани) Қазақстанға туған анасын іздеп қайта келді. 

«Менің өмірім Қазақстанның Арқалық қаласындағы балалар үйінен басталды. Соңғы айларда мен бұрын балалар үйінде жұмыс істеген кейбір тәрбиешімен танысуға мүмкіндік алдым. Осы мерекеде алғысымды білдіру үшін, Астанадағы @kindervillage-дегі балаларды қуантып, көптеген сыйлық, ойыншықпен баруға маған рұқсат етілді», - деп жазды Жәнібек Instagram-дағы парақшасында. 

Сондай-ақ Қазақстанға туған анасын іздеп келген отандасымыз Алғыс айту күніне орай балаларға сыйлық жасап, қуантқысы келгенін тілге тиек етті.  

«Кейбір балалардың ата-анасы жоқ және олар кәмелет жасқа толғанға дейін балалар үйінде түрлі жастағы балалармен бірге тұрады екен. Олар сыйлықтарды алып, ашып, көріп жатқанда, жүзіндеріндегі қуанышты байқап, өзім де толқып кеттім. Осы ерекше мерекеде менің тілегім – әр баланың жақсы, жылы үйде өмір сүргенін қалаймын. Әр баланың әдемі әпкесі мен ағасы болып, жалғызсырамауын тілеймін. Әр адамның алдында жарқын болашақ болса екен», - дейді ол. 

Айта кетсек, осыдан екі күн бұрын Жәнібек Жұмағұлов (Джани) жеке парақшасында Қазақстанға қайта келгенін жазған. 

«Осы аралықта анамның іздегені туралы сұрақтарға байланысты полицияға бардым. Олар өте үлкен тергеуді бастады, ол туралы кейінірек айтамын», - делінген желідегі жазбада. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Бельгия азаматы асырап алған 22 жастағы Жәнібек Жұмағұлов (Джани) Қазақстанда туған анасын іздеп келгені туралы жазған едік. Отандасымыздың анасын іздестіру жұмыстарының барысымен Жәнібек Жұмағұловтың Қазақстандағы ресми өкілі Қымбат Досжан айтып берді.

Соңғы жаңалықтар