Қазақстанға қажылыққа үш мың квота бөлінді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанға қажылыққа үш мың квота бөлінді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Серікбай қажы Ораз Алматыда қажылық конкурсының іріктеуінен өткен компания басшыларымен өткен жиналыста айтты.
Басқосу барысында наиб мүфти Серікбай қажы Ораз қатысушыларды ҚМДБ қажылық бөлімінің жаңа басшысы Бейбіт Мырзагелдиевпен таныстырып, биылғы қажылық маусымында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
«Биыл Қазақстанға қажылыққа үш мың квота бөлінді. Қажылық қызметі елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Қызмет көрсету сапасы да артуда. Биыл да еліміздің қажыларына Flynas әуе компаниясы толықтай қызмет көрсетеді. Қажылар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан тікелей рейс арқылы ұшатын болады», - деді Серікбай қажы Ораз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңесте турфирмалардың сапар барысында қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері талқыланып, бірнеше талаптар қойылды.
Сондай-ақ, Бейбіт Мырзагелдиев миссия жұмысы туралы мәлімет беріп, алдағы жұмыс жоспары жайлы әңгімеледі.