Қазақстанға келетін шетелдік мамандар негізінен Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан және Италия елдерінің азаматтары

АНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазақстанға келетін шетелдік мамандар негізінен Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан және Италия елдерінің азаматтары.

Қазақстанға келетін шетелдік мамандар негізінен Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан және Италия елдерінің азаматтары

Бұл туралы бүгін Астанада еңбек миграциясы мәселесіне арналған семинарда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

«Біздің елімізде шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесі бар. Бұл ретте біздің Үкімет өзінің саясатын ұстанып отыр. Бұл бағыттағы саясаттың қағидаттары бірінші кезекте ішкі еңбек нарығын қорғауға негізделіп отыр. Бірақ та бүгінде Қазақстанда үдемеле индустриялдық-инновациялық бағдарламаны іске асыруға байланысты шетелден жоғары білікті мамандарды тартуға мүдделіміз»,-деді Б. Нұрымбетов.

Осы орайда ол шетелдік жұмыс күшін Қазақстанға тарту, яғни шетелдік еңбек күшінің саны бойынша квотаны белгілеу және елімізде жұмыс істеуге арналған рұқсатнама тәртібін белгілеу шаралармен реттелетінін еске салып өтті.

«Бүгінде еліміздегі квотаның мөлшері экономикалық белсенді халық санының 0,85 пайызын құрайды. Бұл абсалюттік деңгейде 2011 жылы 72 мың шетелдің жұмысшының Қазақстанда жұмыс істеуге болатынын білдіреді»,-деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде рұқсатнаманы алып, жұмыс істеп жатқан шетелдік мамандардың саны 29 мыңға жетіп отыр.

Айта кетейік, еліміз заңнамасында жоғары білікті мамандарды тартуда жеңілдіктер айқындалған. «Ал жұмысшы мамандар бойынша талаптар қатаң реттеледі. Осы орайда Қазақстанда қызмет істеп жүрген шетелдік жұмыс күштерінің арасында жоғары білікті мамандардың үлесі 75 пайызды құрайды»,-деп нақтылап өтті вице-министр.

Елімізге келіп жатқан шетелдік мамандар әлемнің 100-ден астам мемлекетінің өкілдерін құрайды. Оның ішінде 90 пайызы алыс шетелден келетін мамандар. Осындағы алғашқы бестікте Қытай, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан және Италия елдерінің азаматтары тұр.