Қазақстанға келген оралмандардың 54,1 пайызы еңбекке қабілетті жаста - Т. Дүйсенова

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Қазақстанға келген оралмандардың 54,1 пайызы еңбекке қабілетті жастағылар.

Қазақстанға келген оралмандардың 54,1 пайызы еңбекке қабілетті жаста - Т. Дүйсенова

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде көші-қон саласындағы заңнамалардың халықаралық тәжірибесіне арналған семинар барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан әлемдік көші-қон үдерістеріне белсенді атсалысып келеді. Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық, орнықты экономикалық өсу және өмір сүру деңгейінің артуы, ұлтаралық қақтығыстардың жоқтығы, сондай-ақ оңтайлы геосаяси жағдайы Қазақстанды мигранттар ағылған орталықтардың біріне айналдырып отыр. Жалпы көші-қон мәселесі саяси-экономикалық және әлеуметтік салаларды қамтитын көпқырлы үдеріс. Себебі топтасып бір аймақтан екінші аймаққа немесе бір елден басқа бір елге қоныс аударудың қабылдайтын тарапқа жағымды да жағымсыз да әсер тигізуі мүмкін. Сондықтан әрбір мемлекет өзінің ұлттық құндылықтарын ескере отырып, көші-қон саясатын жүргізеді», деді Т. Дүйсенова.

Жауапты хатшының айтуынша, 1993 жылдан бастап Қазақстанда этникалық мигранттардың елге келуін реттеу шаралары қолға алынып, осыған байланысты мемлекеттен арнайы квота белгіленетін болған. Соңғы жылдары оралмандарға арналған осы квота  жылына 15 мың отбасына берілетін болса, ағымдағы жылдан бастап бұның саны 27 мың отбасына дейін жетіп отыр. «Демографиялық қатынас бойынша елімізге келген оралмандардың жартысынан астамы, яғни 54,1 пайызы еңбекке қабілетті жастағылар. Ал 18 жасқа дейінгі балалар көрсеткіші 41,2 пайызды құраса, зейнеткерлер жалпы оралмандардың 5 пайызына жуық», деді Т. Дүйсенова. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер күтілгендей еліміздің демографиялық ахуалын оңтайландыра  түсетін болады.