Қазақстанға келген туристерге тегін SIM-карта беру ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанға келген туристердің виза рәсімдеуін жеңілдетіп, тегін SIM-карта беру ұсынылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтің бүгінгі отырысында баяндады.

Алматыға келген туристерден түскен салық 91 млрд теңгеге жеткен
Фото: Kazinform

− Туристің алғашқы әсері әуежай мен шекарадан басталады. Ондағы қызмет сапасы – ел туралы көзқарасты қалыптастыратын алғашқы қадам. Кейбір туристер үшін виза рәсімдеу ұзаққа созылып, бірнеше сағатқа дейін жалғасып жатады. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін шекара мен әуежай қызметкерлеріне арналған оқыту бағдарламаларын өткізуді ұсынамыз. Бұл мақсатта біз Халықаралық туризм университеті мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясының әлеуетін пайдалануға дайынбыз, − Е.Мырзабосынов.

Сала министрі өткізу пункттерінде Q-gate жүйесін кеңінен енгізу туристерге ыңғайлы болатынын атап өтті.

− Тағы бір ұсыныс – туристерге келген бойда тегін SIM-карта беру. Бұл оларға алғашқы сәттен бастап интернет пен байланысқа қол жеткізуге көмектеседі, − дейді Туризм министрі.

Айта кетейік, өткен жылы елімізге 15,3 миллион турист шетелден келген. Сондай-ақ, 10 миллионнан астам ішкі турист ел ішінде саяхаттаған.

Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алады, тағы 107 елдің азаматы электронды визамен кіре алады.

Соңғы жаңалықтар