Қазақстанға кино туралы жеке заң қажет - Арыстанбек Мұхамедиұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға кино туралы жеке заң қажет. Бұл туралы бүгін «Қазақстандағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы жобасын талқылау» тақырыбындағы дөңгелек үстел отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

Қазақстанға кино туралы жеке заң қажет  - Арыстанбек Мұхамедиұлы

Министр өз сөзінде Қазақстандағы кинематографияны 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасының қабылдануы еліміздегі кинематографияның ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болатындығын баса айтты. Осы арқылы мемлекеттік органдар, кинематография саласындағы кинематограф ұйымдар арасындағы үйлестіруші тетік пен бағдарламалық әрекет қызметін атқаруы тиістігін атап өтті.

«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары ішінде мұндай тұжырымдама алғаш рет әзірленіп отыр. Егер біз кино туралы жеке заң қабылдай алар болсақ, өте қуанышты жайт болады. Онда өнердің осынау түріне қатысы бар барлық қызмет түрлері жазылар еді. Бұл біз үшін өте маңызды», - деді ол.

Сонымен қатар, Мұхамедиұлы бүгінгі күні елімізде мәдениет туралы өте жақсы заң қабылданғанын, онда кітапхана ісін, музей ісін, кинематографияны және басқа да салаларды дамыту тетіктері жан-жақты көрсетілгенін еске салды.

«Дегенмен, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, бізге кино туралы жеке заң аса қажет. Мен бұл мәселеге түсіністікпен қараған біздің эксперттік қоғамдастыққа ризамын. Себебі, бұл - қарапайым мәселе емес. Бүгінде біз Франция, Ресей және басқа да елдердің кинематография туралы заңдарын зерделедік», - деді Мұхамедиұлы.