Қазақстанға қуаты 18ГВт болатын электр стансасын салу қажет – министрлік

энергия тапшылығы
Фото: pexels.com

Алдағы 10 жылда қуаты 18ГВт болатын электр стансасын салу қажет. Бұл туралы Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Биыл Президент өз Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесі референдумға шығарылатындығын жариялады. Референдумда оң шешім қабылданған жағдайда осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Жалпы елімізде алдағы 10 жылда қуаты 18 гигаваттан астам электр стансасын салу қажет. Әрине, қолданыстағы көмірмен жұмыс істейтін стансалар жаңартудан өтіп, жаңартылатын энергия көздері де дамытылып жатыр. Газбен жұмыс істейтін стансалар да салынады», - деді Гүлмира Мұрсалова атом энергетикасын дамыту мәселелеріне арналған бизнес-форумда. 

Министрлік өкілінің атап өтуінше, елімізде жаңартылған энергия көздері жалпы өндірілетін энергияның 4 пайызын құрайды.

«Алайда ол ауа райына тәуелді болғандықтан – тұрақсыз. Қазақстанда жасыл, тұрақты энергия көзін салу керек болып тұр. Өйткені, қазірдің өзінде кейде кешкі уақыттарда энергия тапшылығы туындайды. Жазда айына 600 млрд кв/сағат электр энергиясын сатып алатын кездер болады. Оны көршілес елдерден аламыз. Болашақта мұндай жағдай болмауы үшін атом электр стансасын салу мәселесін қарастырып, талқылап жатырмыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар