Қазақстанға мұнай сақтау үшін резервуар салудың қажеті шамалы - С. Мыңбаев
Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттардың сауалына жауап берген Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев осындай пікір білдірді.
Министрдің айтуынша, Қазақстан жыл сайын шамамен 80 млн. тонна мұнай өндірсе, оның 14 млн. тоннасы ішкі нарыққа жөнелтіледі. Ұлттық қауіпсіздік, мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы туралы заңға сәйкес, Мұнай және газ министрлігі кез-келген уақытта ішкі нарыққа қаншалықты мұнай қажет болса, соншалықты жіберуге құқылы, қалғаны экспортқа кетеді.
«Біздің жағдайымызда қымбат резервуарлар салып, онда мұнай сақтаудың қажеті бола қояр ма екен? Өйткені, бізде қазірдің өзінде өндірілетін мұнайды кез-келген уақытта зауыттарға жөнелте алатын шамамыз бар. Сондықтан да, Қазақстанға мұнай резервуары керегі жоқ деп санаймыз. Дегенмен, кен орындарын болашақта игеруге резервтеудің маңызы зор», - деді С. Мыңбаев.
Оның пайымынша, мемлекет үшін геологиялық барлау шараларына инвестиция салып, кен орындары табылған жағдайда сол орындарды болашақта пайдалану үшін резервке қою маңызды.