Қазақстанға өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың проблемаларын шешуге бағытталған стратегия қажет - халықаралық ұйым өкілі
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүгінде елдегі ресми түрде жұмыспен қамтылған азаматтардың 30 пайызынан астамын құрайтын өзін-өзі жұмыспен қамтушылар негізінен кедейліктің салдарынан осындай әрекетке барған азаматтар.
Олардың арасында өсіп-өніп кеткендері өте сирек. Бұл Қазақстан үшін өте қауіпті үдеріс», деді БҰҰ-ның «ЮНИФЕМ» Әйелдер даму қоры бағдарламасының аймақтық директоры Дәмира Сартбаева. Бұл туралы бүгін Астанада «Алматы қаласы мен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының үлгісіндегі халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайы туралы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, әлемді шарпыған дағдарыс салдары бұдан әрі де өрши түсетін болса және мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты тиісті шаралар қолданбайтын болса, мәжбүрліктен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың басым бөлігі елдің әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарының қатарын көбейтетін болады. «Мұндай жағдай әрине мемлекет үшін ауыр салмақ болмақ. Өйткені аз қамтылған отбасыларды түрлі жеңілдіктермен және жәрдемақымен қамтамасыз ету қажет болады», деді директор.
Оның пікірінше, мемлекет өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға қажетті жағдайды қалыптастыру үшін бірінші кезекте осы саланы дамытуды көздейтін стратегия дайындау керек. Бір жағынан осы мәселе бойынша құқықтық проблемалардың орын алуы өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың қатарына жалға алынған еңбекккерлердің де кіруіне ықпал етіп отыр. «Бұл ретте ең қиыны - олар жалданған жұмысшы бола тұрғандарына қарамастан, ешқандай еңбек келісімдері жоқ. «Тап осы мәселе мемлекеттің тікелей араласуын қажет етеді», деді Д.Сартбаева.
Оның сөзіне қарағанда, ешқандай еңбек келісімдерінсіз жұмыспен айналысатын азаматтардың басым бөлігін әйелдер құрайды. Сондықтан мемлекет оларды қажетті ақпараттармен, заңдық, құқықтық көмекпен қамтамасыз етіп, әйел азаматтардың бұл мәселеде жан-жақты болуына күш салуы қажет.