Қазақстанға репродуктивті денсаулық стратегиясы аса қажет - Жасұлан Омаров

АСТАНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елімізде бала өлімін төмендету әзірше мүмкін болмай отыр. 2008 жылдан бастап жоспарлы тірі босану критерийлерін енгізу елімізде бала өлімінің тіркелуінің өсуіне түрткі болды.

Қазақстанға репродуктивті денсаулық стратегиясы аса қажет - Жасұлан Омаров

Бұл туралы бүгін елордада БҰҰ-ның «Мыңжылдықты дамыту мақсаттары» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының сарапшы тобымен  өткен семинарда ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасар Жасұлан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ҚР Үкіметі аталған мәселеге баса назар аударып, өткен жылдан бастап 2008-2010 жылдарға арналған ана мен бала өлімін төмендету бойынша салалық бағдарламаны жүзеге асыруды қолға алған.  Аталған бағдарлама шеңберінде акушерлік көмек көрсетудің жаңа ұстанымы және дене массасы мен жасына тәуелді балалардың тууын, өлімін есепке алып ресми мониторинг жасайтын BABIES методологиясы енгізіліп отыр. Сондай-ақ 2008 жылы ана мен бала өлімін төмендету мақсатында жедел шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штаб құрылған.

«Қазақстанда ана өлімі 100 мың тірі босанғандарға шаққанда 31 адамды құрайды. ҚР Үкіметі ана мен бала денсаулығын қорғауды денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып отыр. Осыған орай, елімізге Үкімет тарапынан оны жүзеге асыру барысында қаржылық міндеттемесі бар репродуктивті денсаулық стратегиясы қажет-ақ», дейді Ж.Омаров.