Қазақстанға Ресейден 1300 тонна дизельдік отын жеткізіледі
Павлодар мұнай-химиялық өңдеу зауытының бас директоры Данбай Шухрат кездесуден кейін тілшілердің сауалына жауап бере отырып, зауытты жаңғырту жұмысы шегіне жеткенін, бүгінгі таңда тәулігіне 2,5 мың тонна бензин өндіріліп жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, жалпы Павлодардағы зауыт алдағы уақытта тәулігіне 5 мың тонна бензин өндіруді жоспарлап отыр.
«Бірақ өндірістік сутегі құрылғысын орнатуға байланысты бізде шағын жөндеу жұмыстары басталып кеткендіктен, ауқымды мәселе туындап отыр. Металлмен жұмыс атқаратындар бұл мәселені өте жақсы біледі. Жалпы айтарым, барлық зауыттар металдан жасалады. Адам денсаулығының сыр беретіні секілді, металдың да жұмысында кейде ақаулар анықталып жатады. Бұл олқылықтың орнын алдағы уақытта ескеретін боламыз», - дейді Данбай Шухрат.
Павлодар мұнай-химиялық өңдеу зауытының бас директоры өз сөзінде, жөндеу мәселесі шешімін тапқаннан кейін құрылғы іске қосылғаннан, дизельдік отынды өндіру жұмысы қайта қалпына келтірілетінін атап өтті.
«Әзірге дизельдік отынды импорттау жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Ресей Федерациясы тарапымен кесілімдер жасалды. Біздің дефицит «Қазмұнайгаз» есебінен шешілетін болады. Нарыққа керекті 1300 тонна дизельді отын кіргізіледі. Менің ойымша, біз бір айда бұл мәселені ретке келтіріп, желтоқсан айында қажетті өнімді өндіретін боламыз», - дейді Данбай Шухрат.