Қазақстанға ресми сапармен ИКАО Бас хатшысы келді

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар жұбайы Кардона ханыммен бірге Астанаға алғаш рет ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанға ресми сапармен  ИКАО Бас хатшысы келді
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Әуежайда жоғары мәртебелі қонақты Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев қарсы алды. Бұл сапар Хуан Карлос Саласардың Орталық Азия елдеріне жасаған алғашқы сапары болды.

Сапар аясында ИКАО басшысы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің қолдауымен 20–22 қазанда Астанада өтетін ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығына (ICAO Security Week 2026) қатысады.

Қазақстанға ресми сапармен ИКАО Бас хатшысы келді
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Қазақстан алғаш рет авиациялық билік органдарының басшыларын, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, әуе компаниялары мен әуежайлардың өкілдерін, сондай-ақ 
саладағы жетекші сарапшыларды біріктіретін осындай ауқымды халықаралық іс-шараны қабылдап отыр.

-ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығының Қазақстанда өткізілуі және ұйымның Бас хатшысының ресми сапары халықаралық авиация қоғамдастығының  елімізге деген жоғары сенімін, Қазақстанның авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктерінің мойындалуын және әлемдік авиациядағы ұстанымының нығайып келе жатқанын көрсетеді,-делінген хабарламада.

Іс-шара қорытындылары жаһандық авиациялық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылдың бірлескен тәсілдерін әзірлеуге қосымша серпін береді деп күтілуде.

Осыған дейін Қазақстанның алғаш рет ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік апталығын өткізетіні туралы жаздық.