Қазақстанға сапармен халықаралық паралимпиада комитетінің президенті келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең Астанаға алғаш рет халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс ресми сапармен келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық паралимпиада комитетіне сілтеме жасап.
None
None

Халықаралық комитет басшысы алдымен Астанадағы заманауи паралимпиадалық жаттығу орталығының жұмысымен танысады. Одан соң, құрметті қонақтың қатысуымен, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттарының қатысуымен өтетін кездесуі жоспарланған.

Одан бөлек, аталған кездесуге отандық танымал жүзгіш Зүлфия Ғабидуллина, Александр Колядин секілді параспортшылар қатысады деп күтілуде.

Кездесу барысында Қазақстандағы параспорттың дамуы мен үстіміздегі жылдың шілде айында Астанада өтетін пара пауэрлифтингтен әлем чемпионатын ұйымдастырудың дайындық барысы қаралады.

Сапардың екінші күні, халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонстың Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен кездесуі жоспарланған. Онда комитет басшысы Қазақстанның соңғы жылдардағы халықаралық аренада қол жеткізген жетістіктері мен елімізде паралимпиаданы одан әрі ілгерілету мәселесі сөз болады.

Айта кетсек, халықаралық паралимпиада комитеті әлемдік деңгейдегі барлық параспорттық шараларды өткізу мен басқаруға жауапты. Аталған ұйымның құрамына әлемнің 180 ұлттық паралимпиадалық комитеті кіреді, оның ішінде біздің ұлттық паралимпиадалық комитет те бар.

Соңғы жаңалықтар