Қазақстанға шапшаң қимылдайтын, жедел әрекет ететін, толық жарақталған, шыныққан армия керек - Мемлекет басшысы
А. Қарашаның 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Қазақстанға шапшаң қимылдайтын, жедел әрекет ететін, толық жарақталған, шыныққан армия керек.
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар бойынша өтіп жатқан тікелей желіде ел азаматтарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беру барысында осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде жүргізіліп жатқан реформа шаралары құр әшейін реформа үшін жасалып жатқан жоқ. Біз қорғаныс саласын біршама жаңғырттық. Ендігі міндет басқа. Қазіргі заманда біздің елімізге саны көп армияның қажеті жоқ. Саны аз болса да шапшаң қимылдайтын, жедел әрекет ететін, толық жарақталған, шыныққан армия керек. Сондықтан да, біздің мақсатымыз - әскерлеріміздің сапасын көтеру», деді Елбасы. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағытта алдағы уақытта бірқатар шаралар атқарылатын болады.
«Біріншіден, әскери салада кезекшілік сапасын, жедел-жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруды шараларын жүзеге асыру қажет. Екіншіден, армияға технологиялық өлшемдер керек. Яғни біздің армия қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа жүйелерімен, заманауи әскери қимылдар жасауға қажетті техникамен жарақтандырылуы тиіс. Үшіншіден, армияны керекті кадрлармен қамтамасыз ету қажет. Төртіншіден, әскери қызметтегілер үшін тиісті әлеуметтік топтаманы жүзеге асыру керек. Қазіргі күні менің тапсырмам бойынша Үкімет Қорғаныс министрлігімен бірлесіп осы мәселелермен айналысып жатыр. Бізде ТМД мемлекеттері бойынша әскерилердің жалақысы жоғары болатын. Осы басымдық сақталуы тиіс, оған толық мүмкіндігіміз де бар», деді Елбасы.