Қазақстанға шетелден автокөлік әкелу шектелмейді - Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бірқатар БАҚ-та жақын шетелден Қазақстанға автокөлік әкелуді шектеу туралы жаңалық жарияланды. Ол Үкімет басшысының депутаттық сауалға берген жауабынан алынған. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда шетелдік көлік құралдарын заңнаманы бұза отырып елге әкелу жағдайлары жиілеп кетті. Атап айтқанда, ұрланған немесе кепілге қойылған, жалған нөмір тағылған және басқа да автомобильдерді пайдалану фактілері анықталып жатыр.

Мәселен, өткен жылы ғана басқа елдердің құқық қорғау органдарымен салыстыру қорытындысы бойынша Қазақстанға әкелінген 35 мыңнан астам автомобильдің банк тарапынан және заң бойынша шектеулері болғаны анықталды. Сонымен қатар, 600-ден астам көлік елге әкелу кезінде ЕАЭО-ға мүше елдердің құқық қорғау органдарының іздестіруінде болып шықты.

Осыған байланысты Қазақстанға «проблемалық» автокөлік әкелінуінің алдын алу және жалпы әкімшілендіруді жақсарту үшін Көлік құралдарын әкелу ережелері (уақытша ережелерді қоса алғанда) әзірленіп жатыр. Онда мұндай автомобильдер бойынша бақылауды күшейту тетіктері, тіпті оларды елге әкелуді шектеуге дейін көзделетін болады.

Бұл ретте аталған шаралар Қазақстан Республикасының аумағына заңнаманы бұзбай әкелінген және пайдаланылатын шет мемлекеттерде тіркелген автомобильдерге қатысты қолданылмайды», - делінген мәлімдемеде.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет ел аумағына шетелдік автомобильдерді әкелуді шектейтін тетіктер әзірлеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар
telegram