Қазақстанға Шығыс-Тибет медицинасын алғаш таныстырған ғалым Ж. Зекейұлы туралы жазылған кітап жарық көрді

АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда Ұлттық кітапханада Халықаралық инемен емдеу академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға Шығыс-Тибет медицинасын алғаш таныстырған ғалым, "Жас-Ай" медициналық орталығының басшысы Жасан Зекейұлы туралы жазылған "Шығыс-Тибет шипагері - Жасан Зекейұлы" атты кітаптың тұсаукесері болып өтті.

 Қазақстанға Шығыс-Тибет медицинасын алғаш таныстырған ғалым Ж. Зекейұлы туралы жазылған кітап жарық көрді

Аталмыш кітапты құрастырушылар - Қайрат Құл-Мұхаммед, Біләл Қуаныш, Мамырбек Төкеш. Кітап "Қазығұрт" баспасынан 4 000 данамен жарық көрді. Төрт бөлімнен тұратын кітапта даңқты дәрігер, білікті ғалымның өмірбаяны, ем мен емшінің ерекше қасиеттері, өнер, білім, ғылым, мәдениет, денсаулық салаларында БАҚ өкілдеріне берген сұхбаттары, оның ел, жер, тіл, ұлт мәселелерін көтерген мақалалары, ел ағаларының шипагер туралы айтқан пікірлері, "Жас-Ай" медициналық орталығына келіп, ауруынан құлан таза айығып шыққан науқастардың риясыз алғыстары, сонымен қатар, Шығыс-Тибет емінің құпия сырлары туралы жазылған. Кітап көпшілік қауымға арналған.

"Бұл кітапты жарты жыл ішінде жаздық. Кітап медициналық еңбектің жинағы болғандықтан қарапайым тілмен, түсінікті етіп жазылды, тек деректермен, дәйектерден тұратын мағлұматтарды сұрыптап беруге тырыстық",- деді кітапты құрастырушылардың бірі Қайрат Құл-Мұхаммед.

Оның айтуынша алты жыл ішінде "Жас-Ай" медициналық орталығы 50 000-нан аса емделушілерді қабылдап, оның 5-6 мыңнан аса жағдайы жоқ отбасыларға, қалтасы көтере алмайтын адамдарға тегін көмек көрсеткен. "Жасан Зекейұлы сонымен қатар, басқа салаларға назар аударып жүретін азамат. Еңбегін көрсете алмай жүрген қаламгерлерге, ақын-жазушыларға, әнші-күйшілерге жарқ етіп көрінуіне көмегін көрсетіп келе жатыр",- деп атап өтті Қайрат Құл-Мұхаммед.

Сенат депутаты, ҚР ҰҒА-ның академигі Ғарифолла Есімнің айтуынша кітаптың құндылығы - Жасан Зекейұлының емшілік қызметінде. "Ол Шығыс-Тибет медицинасының шебер маманы. Оның жасап жатқан еңбегі елеулі. Үкіметтің көмегінсіз орталық ашып, халыққа үлкен көмегін тигізіп келеді. Осындай игі іс жасап жүрген азаматтарды насихаттап, кітап жазу өте орынды. Елімізде инемен емдеу орталықтарының көп болуына көмектесу керек. Әр облыста болғаны жөн деп санаймын. Өйткені, инемен емдеу - ол адамның бойындағы өз қуатына мүмкіндік беру деген сөз. Ал дәрімен емдеу - ол бір жеріңді жазса, екінші жеріңе зиян әкеледі", - деді ол.

Ол сонымен қатар, "еңбектің медицина саласында қызмет жасайтын жас мамандардың тибеттік емдеу тәсілдерін игеруіне тигізетін ықпалы көп", - деді. "Өйткені кітапта дәрігердің науқастарды емдеудегі өзіндік ерекше тәсілдері мен ине терапиясы, хирургия мамандығы бойынша Пекин, Тянжин қалаларында білімін жетілдіру жолындағы ізденістері жайлы сөз болады. Елін сүйген, елі сүйген азаматтың өнегеге толы өмірі жайлы кітаптың келешек ұрпаққа берер тәрбиелік маңызы зор", - деп атап өтті Ғ. Есім. Оның айтуынша халық арасында "Алтын қолды дәрігер" атанған Жасан Зекейұлы "Жас-Ай" медициналық орталығын басқаратын білікті басшы ғана емес, білгенін жұртынан аямайтын жомарт жан.

Қайрат Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Тибет елі туралы кітап мұнымен шектелмейді. "Алдағы уақытта Жасан Зекейұлының қытай тілінде жарық көрген бірнеше ғылыми еңбектері қазақ тіліне аударылып, қалың оқырман қауымға жол тартады", деп хабарлады ол.

Жасан Зекейұлы - ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, Вена халықаралық университетінің құрметті профессоры, Халықаралық Ғылым Академиясы мен Халықаралық Ресей Шығармашылық академиясының академигі, "Өмірді қорғау" қайырымдылық қорының құрылтайшысы, "Жас-Ай" журналының бас редакторы, медицина ғылымының екі патентінің иегері, 50-ден астам ғылыми еңбектің авторы.