Қазақстанға сырттан жұмыртқа әкелуге алты айға тыйым салынды
АСТАНА. KAZINFORM – Жұмыртқа импортына уақытша тыйым көктемгі-жазғы кезеңде отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында енгізіліп отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды.

«Қазақстан Республикасының аумағына тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым салуды енгізу туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 4 сәуірдегі № 101 бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасының аумағына барлық көлік түрлерімен үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тауық жұмыртқаларын (СЭҚ ТН: 040721) әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынды.
Айта кету керек, тыйым Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тауық жұмыртқаларының транзитін, сондай-ақ олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше екінші мемлекеттің аумағына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтуіне қатысты қолданылмайды.
- Аталған кезеңде жұмыртқаға сұраныстың төмендеуі байқалады, нарықтың қажеттілігі өнеркәсіптік өндіріс арқасында және үй шаруашылығы өнімдерінің нарықта белсенді болуымен толығымен жабылады. Бұл фактор құс фабрикаларының қызметіне теріс әсер етеді, жұмыртқа бағасы төмендейді. Бағаның өзіндік құннан төмен түсуі кәсіпорындардың рентабельділігіне теріс әсер етеді, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство сырттан жұмыртқа әкелуге тыйымның тағы бір себебін осы кезеңде жұмыртқаны сақтау мерзімі қысқаратынымен байланыстырып отыр.
- Технологиялық ерекшеліктерге байланысты жұмыртқа өндіру көлемі азаймайды, бұл қоймаларда тауардың артық жиналуына әкеледі. Осыған байланысты, отандық тауар өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда көктемгі-жазғы кезеңге барлық көлік түрлерімен тауық жұмыртқаларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге уақытша шектеу шараларын белгілеу мақұлданды, - дейді министрліктен.
Бұйрық бүгін күшіне енді.
Еске сала кетсек, биыл ақпанда Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Құс өсірушілер одағы, жұмыртқа өндірушілер салалық қауымдастығы және Сауда желілері одағы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шараларын іске асыру бойынша ынтымақтастық меморандумына қол қойды.