Қазақстанға Starlink жүйесінің алғашқы партиясы жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM – «Starlink жабдығының алғашқы партиясы Қазақстанға келді. 500 дана!», деп жазды бүгін өзінің Telegram каналында ҚР Цифрлық даму, иннвоациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
«Алматыға жабдықты қабылдау барысын арнайы тексеру үшін келдім. Келесі аптада Түркістан және Ақмола облыстарындағы Starlink жүйесін орнатуға толық дайын мектептерге жабдықтарды жеткізу басталады. Аталған облыстардың әкімдіктері дайындық жұмыстарын жақсы жүргізді. Қалған өңірлерге 10 күннен кейін жеткізіле бастайды. Барлығы 20 күн ішінде 2000 жинақ келеді, олар елдегі 2000 шалғайдағы ауыл мектебін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді»,-деп жазды министр.
Сондай-ақ ол аталмыш жаңалықтың Мемлекет басшысының шешімінің арқасында жүзеге асып жатқанын мәлім етті.
Осыған дейін Қазақстанның 2 мың мектебі Илон Масктың Starlink интернетіне қосылатынын хабарлаған едік.