15:15, 30 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қазақстанға сырттан әкелінетін азық-түлік тағамдарында пестицид, диоксиндер, микотоксин сынды қауіпті заттар анықталмайды - Ж. Досқалиев
АСТАНА. Қаңтардың 30-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қазақстанға сырттан әкелінетін азық-түлік тағамдардағы жаңа пестицидтер, диоксиндер, микотоксиндер сынды қауіпті заттар анықталмайды.

Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісінде министр Жақсылық Досқалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Азық-түлік тағамдарының қауіпсіздігі проблемасы өткір күйінде қалып отыр. Азық-түлік тағамдарындағы, әсіресе Қазақстанға сырттан әкелінетіндеріндегі жаңа пестицидтер, диоксиндер, микотоксиндер сынды көптеген қауіпті заттар анықталмайды», деді алқада Ж. Досқалиев. Министрдің айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, аурудың 70 пайызы мен өлім-жітімнің 60 пайызы дұрыс тамақтанбаумен тікелей байланысты. Дұрыс тамақтану онкологиялық патологияның алдын-алу үшін аса маңызды. Экологиялық зиянды факторлардың, соның ішінде канцерогендердің 70-80 пайызы адамның ағзасына тамақпен және ауызсумен түседі.«Сондықтан тамақтанудың мемлекеттік стандарттарын және онымен байланысты басқа да нормативтік құжаттарды азықтық тағамдардың тиісті халықаралық стандарттарымен және талаптарымен үйлестіруді аса маңызды деп санаймын», деді Ж. Досқалиев.