Қазақстанға тартылған инвестицияның негізгі үлесі ЕО-ға тиесілі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропалық одақ елдері тоғыз жылда Қазақстанға 95 млрд. доллар инвестиция салды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агентігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсел Ерғазиева мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда қайта өңдеу саласында 21 млрд. доллар көлемінде 130 -ға жуық инвестициялық жоба іске қосылды. Қазіргі кезде оларда 36 млрд. доллар сомасында 70-ке тарта жоба бар көрінеді. «Бұл жобалардың басым бөлігі жүзеге асады деп ойлаймыз және еліміз үшін сұранысқа ие болады», -деді ол.
Қазақстанға ЕО елдері тарапынан инвестиция көлемі қомақты екенін тоқталған Ә. Ерғазиева, «2005 жылдан бастап, 2014 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында ЕО елдері 95 млрд. доллар көлемінде инвестиция салды. АҚШ 19 млрд. долларды, ал Қытай 11,8 млрд. доллар инвестиция бөлді»,-деді.
Айта кетейік, бүгінде елімізде елуден астам әлемдік ірі компаниялар қызмет етуде.